Матай 1

1Ыбырайым атаның ұрпағы Дәуіт патшаның әулетінен шыққан Иса Мәсіхтің ата-тегінің шежіресі былай құралған: 2Ыбырайымнан Ысқақ, Ысқақтан Жақып, Жақыптан Яһуда мен оның аға-інілері, 3ал Яһудадан Парес пен Зарах туды, олардың анасы Тамар болатын. Парестен Хесрон, Хесроннан Рам, 4Рамнан Әминадап, Әминадаптан Нағасон, Нағасоннан Салмон, 5Салмоннан Боғоз тарады, оның анасы Рахаб болатын. Боғоздан Ғабит туды, оның анасы Рут еді. Ғабиттен Есей, 6Есейден Дәуіт патша туды. Дәуіттен Сүлеймен туды, оның анасы Ұрияның бұрынғы әйелі болатын. 7Сүлейменнен Рохабоғам, Рохабоғамнан Абиях, Абияхтан Аса, 8Асадан Жосапат, Жосапаттан Жорам, Жорамнан Ұзиях, 9Ұзияхтан Жотам, Жотамнан Ахаз, Ахаздан Езекия, 10Езекиядан Манаса, Манасадан Амон, Амоннан Жосия, 11Жосиядан Ехониях пен оның аға-інілері тарады. Бұл, яһуди халқының көпшілігі Бабыл еліне жер аударылмас бұрын болған еді. 12Бабылға жер аударылғаннан кейін Ехонияхтан Салатиел, Салатиелден Зоробабел, 13Зоробабелден Әбиуд, Әбиудтен Елиәкім, Елиәкімнен Азор, 14Азордан Садық, Садықтан Әкім, Әкімнен Елиуд, 15Елиудтен Елазар, Елазардан Маттан, Маттаннан Жақып, 16Жақыптан Мәриямның күйеуі Жүсіп тарады. Ал Мәриямнан Иса дүниеге келді, Ол Мәсіх («Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша») деп те аталады. 17Осылай Ыбырайымнан Дәуітке дейін он төрт ата, Дәуіттен халықтың Бабыл еліне жер аударылғанына дейін де он төрт ата, жер аударылғаннан Мәсіхке дейін де он төрт ата болды. 18Иса Мәсіхтің дүниеге келуі былай болды: Оның анасы Мәриям Жүсіпке айттырылған еді. Ал екеуі әлі де қосылмай тұрғанда-ақ, Киелі Рухтың құдіретімен Мәриямның аяғы ауыр екендігі белгілі болды. 19Болашақ күйеуі Жүсіп әділ кісі болғандықтан, қалыңдығын ел алдында ұятқа қалдырмау үшін ешкімге білдірмей келісімдерінен бас тартпақ болды. 20Бірақ ол осыны ойлап жүргенде Жаратқан Иенің періштесі түсінде аян беріп: «Дәуіттің ұрпағы Жүсіп, қалыңдығың Мәриямға үйленуден шошынба! Себебі құрсағындағы Баласы Киелі Рухтан. 21Мәриям Ұл таппақ, Оның атын Иса деп қой! Себебі Ол халқын күнәларынан құтқаратын болады», — деді. 22Мұның бәрі Жаратқан Иенің (Ишая) пайғамбар арқылы алдын ала айтқанының жүзеге асуы үшін солай болды. 23Ол былай деген: «Біліп алыңдар, пәк қыз құрсақ көтеріп, Ұл туады. Оған Имануил, яғни «Құдай бізбен бірге», деген ат қояды». 24Жүсіп оянып, орнынан тұрғаннан кейін Жаратқан Иенің періштесінің бұйрығын орындап Мәриямға үйленді. 25Ал Мәриям босанып, Ұлын тапқанша, Жүсіп онымен жақындасқан жоқ. Нәресте дүниеге келгеннен кейін Оның атын Иса деп қойды.

will be added

X\